Жаңалықтар

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, қараусыз және қадағалаусыз қалу, суицид және зорлық профилактикасы мәселесі жөніндегі ведомствоаралық кеңес

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, қараусыз және қадағалаусыз қалу профилактикасы жүйесінде прокуратура, құқық қорғау, қамқоршылық, денсаулық сақтау, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар мен өзге де мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жұмыс істейді.

Соңғы жылдары бала құқығы, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, балаларға қатысты қылмыстар, оның ішінде жыныстық, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы құқық қорғау органдары, сондай-ақ қоғам тарапынан ерекше назарға алынған. Ата-аналар мен ересектер назарынан тыс қалуынан балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар саны да артқан.

Қашықтан білім алу кезінде кәмелетке толмағандардың, әсіресе «қатер тобындағы» балалардың бос уақытын қамту, оларды бақылауда ұстау мәселесіне қатысты біршама проблемалар туындады.

Сондықтан құқықтық сипаттағы сұрақтардың артуына байланысты прокуратура, «Жас заңгерлер достастығы» ҚҚ, полиция басқармасы, психикалық сауықтыру орталығының өкілдері және қала мектептеріндегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтердің қатысуымен кеңес өтті. Ведомствоаралық кеңес модераторы Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Н. А. Фесенко болды.

Кеңес қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, қараусыз және қадағалаусыз қалу, суицид пен зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі жұмысты ұйымдастыру бойынша ұсынымдар әзірленді.